Жұма, 22 Қараша 2019 04:03

КУБА МЕДИЦИНАСЫНАН АЛАРЫМЫЗ КӨП

Оцените материал
(0 голосов)

Ұлттық биотехнология орталығында Куба елшілігінің қолдауымен қатерлі ісік саласындағы қазақстандық мамандар Кубаның молекулалық иммунология институтының өкілдерімен кездесті.

– Біз қол жеткізген нәтижелерімізбен және жетістіктерімізбен бөліскіміз келеді, – деді шараның ашылу салтанатында Кубаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эмилио Певида Пупо.

Кездесуде Молекулалық иммунология институтының жұмысы туралы фильм көрсетілді. Институттың клиникалық зерттеулер бөлімінің бастығы, онколог Майра Рамос Сузарте қатысушыларға Кубада қолданылатын қатерлі ісікті емдеу әдістері, қатерлі ісік түрлеріне қарсы вакциналар және терапияда қолданылатын дәрілер туралы айтып берді. Содан кейін қазақстандық дәрігерлер өз сұрақтарын қойды. Негізінен сұрақтар қатерлі ісікті әртүрлі сатыларында емдеу, химиятерапия процесінде қолдану, ремиссия кезеңдері туралы болды. Кубадағы дәрі-дәрмектің бағасына қызығушылық танытқандар да табылды. Соңғы сұрақтың жауабы тым «күрделі» болып шықты.

– Кубада дәрі-дәрмек тегін таратылады. Жалпы, біздің елде медицина тегін, – деп жауап берді институттың менеджері Жизель Веласкес.

Шараға ҚКХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова  қатысты. Оның айтуынша, медициналық технологиялар саласындағы Куба республикасымен байланыс орнату Қазақстанға тек қана пайда әкеледі. 

– Кубалықтардың атқарып отырған жұмыстарына қарап құрметім артады. Санкцияларға ұшырап, іс жүзінде блокада да жатса да, мұнай, газ, басқа да ресурстарсыз ғылыми зерттеу жүргізіп, медициналық технологияларды дамытып отыр. Бұл технологиялардың басым бөлігінің әлемде баламасы жоқ. Бізде үлкен табиғи және адами ресурстар бар. Өкінішке қарай, біз оларды дамуға бағыттай алмай отырмыз, – деді коммунист.

Депутат Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кубалық тараппен жемісті ынтымақтастық орнатуы тиіс деп санайды.

– Санкцияларға қарамастан, Кубаның медициналық технологиясы АҚШ пен Еуропада кеңінен таралуда. Олардың дәрі-дәрмегі мың түрлі ауруға ем. Онкологиялық аурулар, иммундық аурулар, мәселен псориаз және ветилиго және басқа да аурулардың емі бар. Бұған ерекше назар аударған жөн, – деді Ирина Смирнова.

Коммунист біздің еліміздегі экологиялық жағдай өте күрделі екенін, соның салдарынан қатерлі ісік ауруының статистикасы өсіп келе жатқанын айтты.

– Біз азаматтарымызға көмек көрсету үшін ең жақсы технологияларды, озық тәжірибелерді пайдалануымыз керек, – деді Ирина Смирнова.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.