Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 08:33

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(1 Голосовать)

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ. Маминге

 

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Азық-түлік инфляциясы өзекті әлеуметтік проблемаға айналды. Көп жылдардан бері алғаш рет біздің азаматтардың 50%-ы шығынның 45%-ынан көбін азық-түлікке жұмсай бастады.

ТМД Статкомитетінің дерегінше, өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда Қазақстан азық-түлік тауарларының қымбаттау көрсеткіші  бойынша Тәжікстан, Молдова, Өзбекстан мемлекеттерінен басқа ТМД елдерінің барлығын басып озған.

Үкімет өзін күздегі азық-түлік бағасының қымбаттауына жедел әрекет етті деп санайды. Жауапты лауазымды тұлғалар анықталып, жауапқа тартылды. Комиссия құрылып, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін бірінші кезекте қолға алынуға тиіс шаралар қабылданды. Сондай-ақ осындай жағдайлардың келешекте қайталануына жол бермеудің ұзақмерзімді тетіктері қолға алынды. 

Коммунистер Үкіметтің қолға алған шаралары мен өткен тәжірибелерді талдап көрді. Біз көзделген нәтижеге қол жеткізілмейді деп санаймыз.

Бір жыл бұрын азық-түліктің бірнеше түрі дәл осылай қымбаттаған еді. Сол кезде тұрақтандыру қорларында қажетті азық-түлік жеткілікті болғанмен, нарықтағы теңгерімді сақтай алмаған. Кейін осыған қатысты ақталу басталған.

Биыл тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қатаң бақылау қойылғаны және бағаның өсуіне жол берілмейтіні мәлімделді.

Бұған дейін бағаны реттеудің барлық қажетті құралдары қолданылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға белгіленді. Осыған қарамастан, жағдай өзгерген жоқ. Керісінше, күрделеніп кетті.

Мәселені шешуге мемлекеттік органдардың жұмылдырылуы мен қыруар қаржының жұмсалуы нақты нәтиже бермей жатыр. Себебі қымбатшылықтың алдын алу шаралары жүйесіз ұйымдастырылуда.

Үкімет пен орталық мемлекеттік органдар халық көп тұтынатын тауарлардың бағасы қалай қалыптасып жатқанын терең талдамайды.

Өндірушілердің тасымалға, электр мен жанармайға жұмсайтын шығындарын және басқа да факторларды назарға алмайды.

Мемлекеттік органдар ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жем-шөп әзірлеу үшін ірі жер иелеріне қанша төлейтіні туралы мәселеге көңіл бөлмейді. Ауылда шөптің тоннасы 25-30 мың теңге, ал жемнің бағасы экспортқа шығарылатын бидайдан қымбат. Оның құны - 70 мың теңге. Себебі жайылым мен шабындық жер ірі бидай компанияларының меншігінде.

Ірі фермалар мен құс фабрикаларына басымдық беретін жергілікті атқарушы органдар көп жағдайда негізгі азық-түлікті шағын шаруа қожалықтары өндіретініне мән бермейді. 

Мысалы, Еуропа Одағы аумағында ауыл және орман шаруашылығымен айналысатындардың саны 84%-ды құрайды. Қазір Еурокомиссия агроөндірушілерге жайлы жағдай жасаудың тиімді тәсілдерін ұсынып жатыр.  Бұл үшін ауыл шаруашылығы саласын 2027 жылға дейін қолдаудың жүйесі әзірленді. Ол шағын және орта шаруаларды қолдауға бағытталған. Бұл ашық әрі таза жүйе. Мұнда ұлттық органдардан жоғары тұратын және өңірлік деңгейдегі орган деңгейінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен субсидияға есеп беріледі.

Қазақстан Үкіметі ел азаматтарының мүддесін қорғай алмай отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі де тиісті дәрежеде емес.

Әкімдік пен мемлекеттік органдар арасындағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру жүйесі жұмыс істемейді. Жекелеген лауазымды тұлғаларды жазалау тұтынушылардың жағдайын жақсартып жатқан жоқ.

Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов 18-қарашада өткен үкімет сағатында мәлімдегендей, әкімдіктер өңірлерде не өндірілетінін және өнім қайдан жеткізілетінін білмейді.

Үкімет азық-түлік бағасын мониторинг жүргізу арқылы ғана бақылап отыр. Қазіргі кезде бұл жеткіліксіз. Азық-түлікпен қамтамасыз етудің әр сатысында бағаның қалай құбылып жатқаны және ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне субсидия беру ашық болуға тиіс.

Отандық нарықтың импорт және экспорт бағасындағы тұрақсыздыққа тәуелді болуы баға теңгерімінде жүйелі жұмыс жоқ екенін көрсетеді. Осының кесірінен кез келген өнімнің тапшылығын болжап, бағаның құбылуына байланысты алдын ала шара қабылдау мүмкін болмай отыр.

Қазір дамыған елдердің өзінде азық-түлік нарығын реттеп отыру қолға алынған. Себебі баға белгілеудің либералды қағидаттарына толық бағынбау қажеттігі мойындалған.

«Халық коммунистері» фракциясы азық-түлік инфляциясын тежеудің Ұлттық жоспарын әзірлеу қажет деп есептейді. Азық-түліктің халық үшін экономикалық тұрғыда қолжетімді болуы елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің басым бағыты болуға  тиіс. Бұл мәселе Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыты болуы керек

Коммунистер азық-түлік бағасын белгілеуге жауапты құрылымды анықтайтын кез келді деп санайды. Жауапкершілікті бір ведомствадан екінші ведомстваға ауыстыра беру  – Үкіметтің өз халқына құрмет көрсетпеуінің белгісі. Азаматтар Үкіметтің іс-қимылынан нақтылық сезінуі тиіс.

Сізден сауалды қарастырып, қабылданған шаралар жөнінде заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

«Халық коммунистері»

фракциясының мүшелері:

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

4 желтоқсан 2019 жылы жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.