Бейсенбі, 30 Қаңтар 2020 05:06

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(2 голосов)

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрі

А.Ұ.Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Біздің ел Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басты. Демек, осы уақытқа дейін қаншалықты оң нәтижелерге қол жеткізгенімізді және қай салада әлі де көп жұмыс істеу керектігін терең әрі барлық бағыт бойынша талдап, зерделейтін уақыт жетті.

Елдің табысын әрбір қазақстандық көріп, бағалап отыр. Сонымен бірге, халық азық-түлік пен тұтыну тауарлары өндірісінің әлі де болса қоғам сұранысынан кенже қалып отырғанына алаңдаулы.

Біз нарықтық реформалардың қағидаттары мен мемлекеттің экономиканың жеке секторына араласпауын қателік, артта қалу және ең бастысы үлкен мемлекеттік аппараттың әрекетсіздігі деп есептейміз. Үкімет экономиканың шығындарынан аулақ тұруға құқылы емес және өндірістің негізгі қағидаларын ұстануға, тіпті ең кіші деген экономикалық құрылымдар мен ресурстардың да экономикаға араласуына ықпал етуі керек. Бірақ біздегі жағдай бұлай емес. Сол себепті өндіріс саласы дұрыс теңдестірілмеген.

Статистика нақты картинаны көрсетпейтіні анық. Елде тіркелген 413 мың заңды тұлғаның үштен бірі нақты жұмыс істейді.

Екінші деңгейлі банктердің заңды тұлғаларға несие беруі 22%-ға дейін төмендеді. Ал бұл көрсеткіш Ресейде 48%-ды, Түркияда – 63%-ды, Сингапурда 150%-ды құрады. Экономикалық өсу тұрғысынан біз Ресейден 2,2 есе, ЭЫДҰ елдерінен 6 есе артта қалдық. Экономикалық күрделілік бойынша Қазақстан 84-ші орында тұр. Ал біздің Еуразиялық одақтағы серіктестеріміз Ресейде 48-ші, Беларусь 31-ші орынға жайғасқан.

Егер 1991 жылы ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің 21%-ын өндірсе, 2019 жылы ол 4,5%-ға дейін төмендеді. Мал саны 2,0 млн басқа дейін азайды. Атап айтқанда, қой мен ешкі 2 есе, құс 16 млн басқа кеміді. Ең құнарлы жерлердің өңделуіне қарамастан, жылдар бойы егістіктердің өнімділігі өскен жоқ. Көптеген жерлер қараусыз қалып, арамшөптермен басып кетті. Жерді пайдаланушылар азық-түлік өндірісі үшін жауап бермейді. Олар астықты сатудан түсетін пайдаға ғана мүдделі. Нанның сапасы төмендеп, бағасы да көтерілуде. Халық медициналық стандарттарға сай келетін тамақ өнімдерінің 30%-ын тұтынбайды. Ал елге экспортпен салыстырғанда, сырттан 2,5 есе көп азық-түлік әкелінеді.

Өндірушіге тауардың бөлшек саудадағы бағасының 20%-ынан аз ғана бөлігі тиіп отыр. Мұндай жағдайда өндірісті кеңейту мүмкін емес. Мұндай өндіріс банктер мен паразиттік түзілімдерді «байытады».

Үкімет ұзақ жылдар бойы пайда табу, алаяқтық, ақша жымқыру және ел мүддесіне сәйкес келмейтін кәсіпкерліктің басқа да түрлерін ашық және кеңінен қолдап келеді.

Мұндай жалған құбылыстар мемлекеттік кадрларға деген сұраныстың аздығынан орын алуда. Министрліктер мен басқа да мемлекеттік құрылымдар аппаратының жұмыс стилінде жетекшілік ететін салаға әсер етудің заманауи түрлерін іздестіру қарастырылмаған.

Біздің шенеуніктер шешім қабылдауға дағдыланбаған. Ғылымның жетістіктеріне сенбейді. Осыдан соң олардың білімі жоғалып, соңында құрып тынады. Бұйрықпен ғана жұмыс жасау әдеті кәсібиліктен жоғары тұрады. Көбісі бастама көтермейді және «қатесіз әрекетсіздік» ұстанымын алға тартады. Яғни, жауапкершіліктен қашу үшін өздері ештеңе шешпейді. Олар Батыс елдерінің даму қарқынын жақсы біледі. Алайда, өз елдеріндегі ең жақсы жұмыс нормаларын байқамауға тырысады.

Шенеуніктердің жұмысындағы басты кемшілік – ел азаматтарының қажеттіліктеріне, өндіргіш күштердің дамуына, немқұрайлы қарау, ұмтылыстың жоқтығы және алға қойылған мақсаттарға жетудің қысқа жолдарын іздестіру. Мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын бағалаудың қазіргі бонустық жүйесі іс жүзінде жоғары басшыларға табынуға алып келді.

Үкімет экономиканың салаларын өзін-өзі реттейтін ортаға беруге тырысуда. Алайда, бұл процестің мемлекеттік міндеттердің параметрлеріне сәйкес келетінін және өндіріс салалары арасында тығыз байланысты болуын қамтамасыз етуге асықпайды. Жақында үкімет жеңіл өнеркәсіпті нарыққа өткізіп, жауапкершілікті ысыра салды. Мұны жасамас бұрын шикізат өндіруден бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі барлық тізбекті жөндеу керек еді.

Мақта мен жүн өндірісі тоқыма және тігін өнеркәсібін, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тауарлар өндірісінің көлемін қамтамасыз ете алады. Бірақ біздің елде мұндай схеманы жолға қоюға ешкім күш салмайды. Шикізат шетелге шексіз экспортталады, ал былғары өнеркәсібі банкроттыққа ұшырайды.

Осы орайда көкейге қонымды мынадай сұрақ туындайды: Қазақстан шикізатқа толық сұранысқа ие бола отырып, сөйте тұра ештеңе шығармай киім мен аяқ киімді шетелден импорттайды? Неліктен Қазақстанда өндірілген тауарларға акциздер мен ҚҚС салынады, ал әкелінетін тауарлар акцизсіз, көбінесе кедендік баж салығынсыз жеткізіледі? Біздің тұтынушылар мұндай тауарларды бағасы төмен болғандықтан сатып алады, ал отандық өнімдер сатылмайды. Сондықтан біздің өнім «жұтылып» кетеді.

Сұр схемалар бойынша «көлеңке» айналымы өсті. Мұндай тәртіпсіздіктер кейбір мемлекеттік аппаратқа ұнайтын сияқты. Оның үстіне Үкімет министрліктерден де, әкімдіктерден де сұраныс туғызбайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлық әлі де болса қос түске ие.

Мемлекеттік органдар әлі күнге дейін мемлекет пен бизнесті елдің мүддесіне сай тиімді байланыстырудың жолын тапқан жоқ. Шенеуніктер өздерінің біліксіздігін негізгі құрал иелеріне көптеген талап қою арқылы қабілетсіздігі туралы айыптаулардың артына жасырып отыр.

Шенеуніктер бағаларды олардың құрылымын ескермей бақылайды. Азық-түліктің бағасын жоғары деңгейде сақтау ниетінің бары да жасырын емес. Бұл қарапайым адамдар үшін де жаңалық емес.

Нарықтық реформалардың қағидаларына деген шамадан тыс құлшыныс экономиканың негізгі заңдарын назардан тыс қалдырып, шағын өндірістер ғана дамып отыр.

Үкімет ірі өндірістерді «көлеңкеден» алып шыға алмады. Паразиттік дилерлер мен ірі өндірістерді ашық түрде ынталандырып отыр.

Мемлекет тәуелсіздігінің басты белгісі – халықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге қабілетті тұрақты ауыл шаруашылығын қалыптастыру. Бірақ бұл жерде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруші бөлшек сауда бағаның 15-20%-ын ғана алады. Ал мұндай жағдайда даму, жетілу мүмкін емес.

Жеке шаруа қожалықтары жердің 1,5 пайызын ғана пайдаланып, өнімнің 80-85 пайызын өндіріп отыр. Жерлердің басым бөлігі астық компанияларына тиесілі. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдар жұмыс істемейді. Салдарынан ауыл күннен-күнге құлдырау үстінде. Ал заңдардың орындалуы мемлекеттік органдардың тікелей міндеті емес пе?!

Осының бәрі ел азаматтарының алдында орын алып отыр. Мұндай жағдай Үкіметтің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді.

«Халық коммунистері» фракциясы мемлекеттік органдардың басшылығынан жауапкершілікті, талапшылдықты, ізденісті, алаңдаушылықты және шындықты талап етеді. Мемлекеттік органдардың жауапты шенеуніктерінің қазіргі жағдайға көз жұма ақарауы экономиканы ретсіздікке, жоспарлы және жаңа шығындарға душар етеді. Түптеп келгенде, осының бәрі қоғамның Үкімет пен Парламентке деген сеніміне селкеу түсіреді.

Депутаттық сауалды қарастырып, заңда көрсетілген мерзім ішінде қабылданған шаралар туралы жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

«Халық коммунистері»

фракциясының депутаттары:                                    

В. Косарев

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

А. Қоңыров

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

2020 жылғы 29 қаңтарда жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.