Бейсенбі, 06 Ақпан 2020 04:23

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(2 голосов)

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрі

А.Ұ.Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Баланың дамуына жасынан көңіл бөлу, мектепке дейінгі біліммен қамту – білім беру мен адами капиталды дамытудың маңызды тетігі.

Біздің ел бөбектерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. «Балапан» бағдарламасы, одан кейінгі жан басына қарай қаржыландыру шаралары 2020 жылы 3-6 жас аралығындағы балалардың 90%-ын балабақшамен қамтуға жол ашты. 2010 жылдан бері елдегі жекеменшік балабақшаның саны 15 есе өсті. Жаңадан салынған тәрбие ошақтарының 93%-ы жекеменшіктің қолында.

Бұл балалардың жасына сай білім мен тәрбие алуына мүмкіндік туғызумен қатар аналардың жұмыс істеп, шаруа жүргізуіне, отбасының өмір сапасын көтеруіне, сол арқылы гендерлік теңдік орнатуға мұрсат береді. Сондай-ақ жекеменшік тәрбие ошақтары жергілікті әкімдіктерді жаңа балабақша салу сияқты міндеттерден босатады. Соның арқасында халық үшін маңызды мәселе бюджеттік шығынсыз шешіліп, қаржы үнемдеуге жол ашады.

Дей тұрғанмен, салада көз жұмып қарауға келмейтін проблемалар бар.

  1. Бала басына қарай қаржыландырудың бірыңғай нақты әдістемесі бола тұрып, көптеген өңірлерде бала басына жеткіліксіз мөлшерде қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржыдан педагогтың айлығы мен қажетті заттарды сатып алуға кететін бюджет қалыптасады. Осыны ескерсек, табысы аз сала мамандарының біліктілігіне күмән туады. Мысалы, әдістеме бойынша 2018 жылдан бері әр балаға 28 000 теңге бөлінуі тиіс. Ал Түркістан облысының Жетісай, Мақтарал аудандарында бала басына 17 675 теңге ғана беріліп отыр. Павлодар облысында бұл сома 19 100 теңге болса, Ақмола облысында 20 000 теңге. Жан басына қаржыландыру әдістемесі бойынша бұл сома қалай болғанда да кемітілмеуі тиіс. Керісінше артуға тиіс.
  2. Қазіргі таңда балалардың 50%-ы жекеменшік балабақшада тәлім алып жатыр. Бірақ осы тәрбие мекемелерін қаржыландыруға кейбір облыстар немқұрайлы қарап, кейінгі кезектегі мәселе ретінде қаралып отыр. Ал мемлекеттік балабақшаларға бөлінетін назар тура бұлай айта алмайсыз.

Әкімдіктер жекеменшік балабақшалармен келісімшартты толық бір жылға бекітуден жалтарады. Салдарынан тәрбие ошақтары қарызға жұмыс істеп, берешекке белшесінен батып жатады. Бүгінге дейін Талдықорған қаласында жекеменшік тәрбие ошақтарына 2019 оқу жылы үшін 56 млн теңгенің қарызы өтелмеген. Жалпы Алматы болысы бойынша қаржы тапшылығы 10 млрд теңгеге жеткен.

Қайтадан ашылған балабақшалар мүлде қаржыландырылмайды. Ол нысандар да қазақстандық балалар тәрбиеленіп жатыр. Бір қарағанда балабақша халыққа жеткілікті сияқты. Алайда олардың қаржыландыру мардымсыз әрі біркелкі емес. Соның кесірінен кәсіпкерлер не бағаны көтереді, не тәрбие мекемесін жауып тынады. Бұлай жалғасатын болса, балабақша мәселесі қайтадан жергілікті әкімдіктің мойнына артылуы мүмкін. Оған әкімдіктер дайын ба? Тағы да бюджетке қол созып, миллиардтаған қаражатқа жаңа балабақша салу қажет болады. Жекеменшік балабақшаларды қаржыландырудың соңы осыған әкелетіні анық.

Республикалық бюджет пен жергілікті қазынадан бала басына деп қарастырылған қаражат қайда кетіп жатыр? Бөлінген қаржы әр баланың өзіне тікелей жетуі тиіс деп санаймыз. Ал бала тәрбиесіне бөлінген қаржының тағдырын комиссия арқылы анықтаудың жемқорлық астары болуы мүмкін. Кейбір балабақшалар 2-6 жастағы балалардың тәрбиесіне қаржы алса, тағы бір балабақшалар 3-6 жастағы балалардың тәрбиесіне қаржы алып отыр.

Мысалы, биыл бала басына қаржыландыру жүйесі бойынша Түркістан, Алматы облыстары мен Ақмола олысының Целиноград ауданы сияқты халық тығыз қоныстанған өңірлерге ақша жетпей отыр. Сонда ондаған миллиард теңгенің қайда кетіп жатқаны түсініксіз.

  1. Мектепке дейінгі инклюзивті ұйымдар ашу ісі де кешеуілдеп жатыр. Оған да қаржының дер кезінде қарастырылмауы себеп болуы мүмкін. Баланы жастан дамыту ерекше мұқтаждығы бар балалардың әлеуметтеніп, қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуына мүмкіндік беретінін ұмытпауымыз керек. Ерекше балалардың өз әлеміне қамалып, оқшаулануына да, мүмкіндігі шектеулі балалардың артуына да мемлекет жүйелі жұмыс арқылы тосқауыл бола білуі тиіс.

Бала тәрбиесіне қажетті қаражат бөліп, саланы реттейтін уақыт жетті деп санаймыз. Бұл мәселені біржақты ету мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі.

Заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі

«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

А. Қоңыров

В. Косарев

М. Магеррамов

Т. Сыздықов

2020 жылғы 05 ақпанда жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.