Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020 09:50

СУ ТАСҚЫНЫНАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

Оцените материал
(3 голосов)

ҚКХП Астана қалалық комитеті елордадағы су тасқыны мәселелеріне байланысты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Қала көшелерін жыл сайын еріген қар суының басатыны жасырын емес. Әдетте, шенеуніктер бұған табиғатты кінәлайды. Не қар көп түседі, не жаңбыр көп жауады...

– Биыл қар шамадан тыс көп жауды. Бірақ қардың көптігі ең басты проблема емес. Басты проблема – көктемде қардың күрт еруі. Бұған табиғи жағдайларды қосыңыз. Осы жылы су мөлшері өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп болады, – дейді Гидрологиялық болжамдар басқармасының жетекші инженері Ғалымжан Қамарбеков.

Оның айтуынша, 20 наурыздан кейін қар күрт еріп, қала көшелерін су басады деген болжам бар. Бірақ ол қаланың қай жерлері қауіпті аймақтарға айналатынын дөп басып айтпады.

Шараның өзге қатысушылары табиғатқа кінә артқанды жөн санамады. Есесіне, олар мемлекеттік стандарттарды құрылыс технологияларына сәйкес келмейтін құрылыс салушыларға тапсырған және өзеннің бойынан жер телімдерін бөлген мемлекеттік органдардың нақты кемшіліктері мен олқылықтарын санамалап берді. Қала көшелерінде суға арналған кәріз жүйесі құрылмаған. Есіл өзенінің арнасы тазаланбаған. Дренаж орнатылмаған. Көптеген гидрологиялық құрылымдар жеке меншікке өтіп кеткен. Яғни, шенеуніктер әдеттегідей алдымен проблема тудырады. Содан кейін оның салдарымен күреседі.

– Үйлерді су басып, дүние-мүлік қиратылған уақытта жауапты ведомствалар жұмысты бір-біріне сілтейді. Кейін табиғатты кінәлап шыға келеді, – деді коммунистер.

Дөңгелек үстел барысында су тасқыны жағдайымен арнайы айналысатын бірыңғай үйлестіру орталығын, комитет немесе арнайы құрылым құру ұсынылды. Егер арнайы құрылым бар болса, жауаптыларды да жер-көктен іздемейміз.

Азаматтық қорғаныс саласындағы апаттар қаупін азайту және бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Орал Абдрахманов астананы күтіп тұрған проблемалар мен оларды шешу әдістері туралы айтып берді.

– Бүгінгі таңда біз тасқын судың астана аумағы арқылы қауіпсіз өтуінің кешенді жоспарын жасадық. Арнайы жол картасы әзірленді, – деді ол.

Өкінішке қарай, алдын-алу шараларын қолдану, мәселен, өзен арнасын кеңейту мүмкін емес. Саяжайлар кедергі келтіреді. Тұрғындарды басқа жерге қоныстандыруға, ғимараттарды бұзуға қаржы жоқ. Су бұру және суару жүйесінің жоқтығынан су тасқыны Ильинка және Лесозавод ауылдарының үйлеріне қауіп төндіруде.

– Су сорғылар болады. Тасқын суды азайту үшін көпір мен бөгеттер салынады, – деді Орал Абдрахманов.

Барлық тараптарды тыңдаған ҚКХП Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы Нұрдәулет Оразханов ұсыныстар мен ескертпелерді назарға алып, оларды алдағы уақытта депутаттық сауалға қажетті материал ретінде «Халық коммунистері» парламенттік фракциясына жіберуге уәде берді.

ҚКХП Астана қалалық комитеті

astana minastana minastana min

Please publish modules in offcanvas position.