Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020 09:38

ОРАЛДАН ШЫҚҚАН ОҒЫЛАН

Оцените материал
(3 голосов)

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында өңірлік партия комитеттері Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы материалдар әзірлейді. Өкінішке қарай, ардагерлердің қатары сиреп барады. Сондықтан олардың естеліктері біз үшін қашанда құнды.

Халам Жұмашұлы Сүйіншәлиев Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында тұратын соғыс ардагері. 1925 жылы 8 қаңтарда Тайпақ ауданы Қызылжар ауыл кеңесінде дүниеге келген. 1930 жылы Сүйіншәлиевтер отбасы Оралға көшіп келеді. Халам осы жерде жеті жылдық мектепті тәмамдайды. Одан кейін оқуын жалғастыру үшін Тайпақ ауданындағы туыстарына барады. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1943 жылы Кеңес Әскері қатарына алынады. Тбилисиде оқу-жаттығудан өтіп, Қара теңіз қалаларын неміс ұшақтарынан қорғайтын зениттік артиллерия полкіне қосылған.

Халам Сүйіншәлиев Закавказье майданының зениттік артиллериялық әуе қорғаныс полкінің 13-ші батареясының командирі болды. Украина мен Беларуссияны фашистік басқыншылардан азат етуге қатысты.

– Жас болдық. Күш-жігеріміз көп болды. Жеңіске деген құштарлық та ерекше еді. Біз әділдікке сендік. Сол сенім күш сыйлады, – дейді ардагер.

Халам Сүйіншәлиев жеңісті Грузияда қарсы алған. Әскери қызметі үшін «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков», «Украинаны фашистік басқыншылардан азат еткені үшін», «Беларуссияны фашистік басқыншылардан азат еткені үшін» әскери ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Ол комсомолдан соң 1945 жылы Коммунистік партияға мүше болуға өтініш берді. Елге оралғаннан кейін оқуды жалғастырып, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсті. 1949 жылы ВКП (б) мүшесі болды. Институттан кейін облыстық білім басқармасында инспектор, КСРО тарихы кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істеді. Аспирантурадан кейін диссертация қорғады, тарих және педагогика факультетінің деканы болды. Зейнеткерлікке шыққан соң да белсенді қоғамдық қызметін жалғастырды. Ғылыми конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысып, ұлттық тарихтың дамуына үлес қосқан көптеген жастарды оқытып шығарды және республикалық «Білім» қоғамының басқарма мүшесі болды.

Сүйіншәлиевтер отбасы үш бала тәрбиелеп өсірді. Қазір немере, шөбере сүйіп отыр. Соғысты көрген тарихшы, коммунист Халам Жұмашұлы айналасына бақытты болу – бейбіт күнде өмір сүру екенін әрдайым айтып отырады.

ҚКХП Батыс Қазақстан облыстық комитеті

zko1.jpgzko1.jpg

Please publish modules in offcanvas position.