Жұма, 20 Наурыз 2020 13:25

ҚАРЖЫНЫ ТИІСТІ ЖЕРІНЕ ЖҰМСАУ ҚАЖЕТ

Оцените материал
(1 Голосовать)

Қазақстан ел Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы серіктестік туралы шектік келісімді ратификациялады. Құжат республикамыздың экономикасын әртараптандыру, тұрақты даму және жан-жақты өсу мақсатында ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

ҚКХП депутаты, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің өкілі Ирина Смирнова өз баяндамасында атап өткендей, келісімге алты жыл бұрын қол қойылды. Өткен жылы оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Шектік келісім экономиканы әртараптандыруға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған даму бағдарламаларын іске асыруда Азия Даму Банкі тарапынан Қазақстан Үкіметін қолдауға бағытталған. Ратификациялау – бұл қажетті шара. Өйткені, құжатта Қазақстан заңнамасында көзделмеген нормалар бар.

– Азия Даму Банкі кез келген қарыздар мен кепілдемелердің мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар, негізгі еңбек нормалары, төлемдер, ақпараттар, гендерлік даму, тауарлар, жұмыстар, қызметтер, экологиялық және әлеуметтік қорғау шаралары және тағы басқалары бар, – деді коммунист.

Түзетулерді ратификациялау Азия Даму Банкінің квазимемлекеттік сектор жобаларын мемлекеттік кепілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл мәселе халық қалаулыларын көбірек қызықтырды. Ел кепілдік берген қарыздарды мақсатты түрде тиімді пайдалануда квазимемлекеттік секторды бақылау тетігі жасалған ба? Егер бірдеңе дұрыс болмаса, кім және қалай жауап береді?

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бәрі бақылауда деп сендірді.

– Мұндай механизмдер мен жауапкершілік түрлері қолданыстағы заңдарда қарастырылған. Қаржы министрлігі тұрақты түрде тоқсан сайын несие тартқан, мемлекет кепілдік берген немесе қарыз алған қарыз алушылардың қаржылық нәтижелерін бақылайды, – деді министр.

Сондай-ақ, мемлекеттік аудит органдары процесті мұқият бақылап отырады. Есеп комитеті – қаржының тиімділігін, Мемлекеттік ішкі аудит комитеті – қаржының мақсатты пайдалануын бақылайды. Азия Даму Банкі де өз қаражатының оңды-солды кетпеуі үшін мүдделі.

– Банк те өзінің іс-шараларын өткізеді. Қаражаттар жеке тексеруден кейін ғана есептен шығарылады, – деді министр.

Квазимемлекеттік сектордың менеджерлері үшін қарыздарды мақсатсыз пайдаланудағы жауапкершілік Қазақстан Республикасының қылмыстық және әкімшілік кодекстерінде көрсетілген.

 

Please publish modules in offcanvas position.