Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020 03:42

СОҒЫСТЫҢ КУӘГЕРЛЕРІ

Оцените материал
(2 голосов)

ҚКХП Маңғыстау облыстық комитеті Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдастыруда. Осылайша, тарихи оқиғалар мен халықтың ерлігі туралы естеліктерді соғыстың куәгерлерінен естіп, білгенді жөн көрді.

Облыстық комитеттің Жастар қанатының белсенділері Отан қорғаушылардың әңгімелерін ыждаһаттылықпен тыңдап, олардың естеліктерін қойын дәптерлеріне түртіп алып отырады. Сөйтіп, олар ертеңгі күнге қымбат естеліктер қалдырмақ. Жуырда партиялықтар соғыс ардагерлері Бисен Боқаев пен Алаудин Орақұлының шаңырағында болып қайтты.

Бисен Рахметұлы Боқаев 1923 жылы 19 желтоқсанда Маңғыстау облысы Қарақиян ауданы Жынғылды ауылында туған. 1942 жылы 19 жасында Қарабұғаз аудандық военкоматы арқылы әскерге шақырылады. Сол жылы 150 адамды Красноводсктан Ташкент арқылы Алматыға жөнелтеді. Оның шекара шебіндегі қызметі осылай басталған еді.

1944 жылдың сәуірінде Бисен Боқаевты Тәжікстанда орналасқан 2134 әскери бөліміндегі шекарашылар отрядына жібереді. Ол сол жерден екінші Украина майданына аттанады. 1944 жылдың тамызында қатардағы жауынгер Б.Боқаев Яссы-Кишинев операциясына қатысады. Одан кейін Бессарабия мен Румынияны азат етуге қатысқан.

1949 жылға дейін Молдавия әскери округінің 2-ші әскери комендатурасының 6-шы шекара бекетінде қызмет етеді. Осы жерде оны адал әрі ержүрек солдат ретінде комсомол хатшысы етіп сайлайды. Кишиневтегі Молдавия әскери округінің шекара әскерлерінің комсомол конференциясының мүшесі болды.

1947 жылы Бисен Боқаев Коммунистік партия қатарына қосылды. Әскери операцияларға қатысқаны үшін «Қызыл Ту» және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Әскери еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Елге оралған Бисен Рахметұлы халық игілігі үшін жұмыс істеді. Оның еңбек өтілі 45 жылдан асады. Ол бейбіт уақытта Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, «Жанқиярлық еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Ардагер 13 бала тәрбиелеп өсірді. Қазір оның 6 немересі мен 5 шөбересі бар.

Алаудин Орақұлы әйгілі Курск доғасындағы шайқастарға қатысқан. Гурьев облысының Аманкелді ауылында дүниеге келген. Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1943 жылы Курск маңындағы соғыс қимылдарына қатысқан. Соғыстан кейін совхозда жұмыс істеді, партия ұйымының хатшысы, ауылдық округ кеңесінің депутаты болды. Ардагердің еңбек өтілі 47 жылдан асады. Соғыста жарақат алып, II топтағы мүгедек атанған. Ол «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Курск шайқасында ерлік көрсеткені үшін 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен және В.И. Лениннің 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталған. Сондай-ақ, «60 років визволения Украіни від фашистьских загарбніков», «65 год визволения Республики Беларусь аднамецка фашистких захоопнкау» медалдарын кеудесіне таққан.

Қазір ардагер Бейнеу ауданы, Опорное ауылында тұрады. Биыл Алаудин Орақұлы 95 жасқа толады. Ол 10 бала, 32 немере және 41 шөбере сүйіп отыр.

ҚКХП Маңғыстау облыстық комитеті

MangHistVelVoin 2MangHistVelVoin 2

Please publish modules in offcanvas position.