Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020 10:44

АУЫЛҒА ҚАШАН БЕТ БҰРАМЫЗ?

Оцените материал
(1 Голосовать)

«Халық коммунистері» ауылға деген нарықтық көзқарасты түбегейлі өзгерту керек деп санайды. Қазіргі көзқараспен Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Демек, біздің ел азық-түлік секторында да импортқа тәуелді болады деген сөз.

Мұндай пікірді Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚКХП депутаты Владислав Косарев айтты. Ол ішкі «жабайы нарықтың» да үйлеспейтінін атап өтті. Шаруа қожалықтары аз ғана жерді иеленіп отырса да, мал шаруашылығы өнімінің 80 пайызын өндіруде. Жердің көп бөлігі басқаларға тиесілі. Алайда олар мақсатты түрде пайдаланылмайды. Себебі банкте кепілдікте жатыр.

–  Бәріміз осылай болуы керек шығар деп ойлаймыз. Жоқ, жолдастар! Мұндай көзқарас экономиканың барлық заңдарына қарсы келеді, – деді коммунист.

Халық қалаулысының сөзінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз еңбегінен шамалы ғана пайда көреді. Ал алыпсатарлардың көріп отырған пайдасы шаш-етектен.

– Неліктен бұлай? Бұл жалғаса берсе, адамның жұмыс істеуге деген құлшынысы жоғалады. Адамдар еңбекті бағалау дегенді ұмытты. Себебі еңбекті биліктің өзі бағаламайтын деңгейге жетті, – деді мәжілісмен.

Коммунист Үкімет алыпсатарлармен күресте үнемі жеңіліп қалатынын айтты. Себебі шенеуніктердің бұл мәселені реттейміз деп келе жатқанына 15-20 жыл болды.

 Егер өндіруші 30 пайыздан кем пайда көретін болса, бұл тиімсіз. Мұны Маркс айтып кеткен. Экономикалық даму теориясын алыпсатарлардың жемсауына лақтыра алмаймыз, – деді Владислав Косарев.

Жеке шаруалар тұтас мемлекетті асырап отыр. Ал мемлекет оларға қолдау көрсетпейді. Қазақстандық шаруаларды техникамен қамтамасыз етуді немесе қолдауды армандауға ғана болады. Мұндай жағдайда ауылға жастар тұрақтамайтыны анық. Ал жастарсыз ауылдың болашағы бұлыңғыр.

– Ауылда маман жеткіліксіз. Балалар деңгейі төмен мектептерде оқиды. Балабақшалар жоқ. Медпункттен қажетті дәрі-дәрмекті таба алмайсыз. Ауруханаға бару үшін қиындығы көп жолды еңсеру керек. Мұндай жағдайда ауылда адам тұра ма? Олар қалаға көшпегенде қайтеді?! – деді депутат.

Коммунистер Үкіметке «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына инвестиция салудың орнына, бұл қаражатты ауыл жастарына арналған білім гранттарына жұмсауды ұсынды. Олар кейін ауылға оралып, жұмыс істейді. Десе де, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алу – бөлек проблема. Ауыл шаруашылық колледждерінде студенттер негізінен теориялық тұрғыдан оқытылады. Одан арыға материалдық базаның мүмкіндігі жоқ.

– Колледждерде трактор, комбайн, машина жоқ. Тақта мен қалам ғана бар. Демек, олар кадр дайындап отырған жоқ. Халықты алдап отыр! – деді Владислав Косарев.

Депутат ауылға қатысты тағы бірнеше проблеманы атап өтті. Ол жем-шөп пен жанармайдың қымбаттығын, ауыл өмірінің нашарлығын және тағы да басқа проблемаларды еске салды.

– Ауыл тұрғындарына жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек! – деді коммунист.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.