Бейсенбі, 05 Наурыз 2020 09:44

«Еститін мемлекет» «Қазақ саңыраулар қоғамын» естімейді

Оцените материал
(0 голосов)
«Қазақ саңыраулар қоғамы» (ҚСҚ) мемлекеттік сатып алулар жүйесінен тықсырылып жатыр. Шенеуніктердің пікірінше, мұндай шешімге қоғамның филиалдарының көптігі себеп болған. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар «Халық коммунистері» фракциясынан көмек сұрады.

Белгілі болғандай, «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрамына 16 корпоративтік қор мен 19 оқу-өндірістік кәсіпорын кіреді. Онда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сөйтсек мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту жетістік емес, проблема екен. ҚСҚ ұйымдары мемлекеттік сатып алулар VEB-порталындағы «Заңды тұлғалар» мәліметтер базасына филиал ретінде енгізілді. Ал «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңға сәйкес, әлеуетті жеткізуші және әлеуетті жеткізушінің аффилиирленген тұлғалары тендердің (аукционның) бір лотына бірдей қатыса алмайды.

– Демек, барлық ҚСҚ кәсіпорындарының біреуі ғана мемлекеттік сатып алу тендерінің бір лотына қатысуға құқылы, ал қалғандарын тапсырыс берушілер қабылдамайды. Өтінімдердің болмауына және сәйкесінше жұмыс көлеміне байланысты ҚСҚ кәсіпорындары жабылып қалуы мүмкін және оларда жұмыс істейтін мүгедектер еңбекке араласудың жалғыз мүмкіндігінен айырылуы ықтимал, – деді Мәжілістің пленарлық отырысында коммунист-депутат Владислав Косарев.

Мұндай саясаттың Қазақстан қол қойған БҰҰ «Мүгедектердің құқықтары» туралы конвенциясына қаншалықты сәйкес келетінін ғана болжауға болады. Конвенцияға сәйкес, біздің ел мүгедектерге қатысты кез-келген дискриминацияны, соның ішінде заңнамалық тұрғыда жоюды міндетіне алды.

Алайда, шенеуніктер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еститін мемлекет» бағытына қарама-қайшы ұстаным ұстанып отыр. Мәселені шешуге көмектесудің орнына мемлекеттік органдардың өкілдері қолданыстағы заңнаманы түсіндірумен ғана шектелген.

– Мүгедектерді белсенді еңбекке тартуға жағдай жасайтын мүгедектер ұйымдары мемлекеттің әлеуметтік-гуманитарлық қызметін орындайды. Ал «Халық коммунистері» фракциясы оларға мемлекеттік сатып алуларда ерекше жеңілдіктер беру қажет деп санайды, – деді депутат.

ҚКХП депутаттары Үкіметтен жағдайды түзету үшін шара қабылдауды сұрады.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.